Баршаңызды мұсылман халқының Ұлы мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

         Құрбан айт мерекесі  – елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мейрам.

Құрбандық шалу – кісіні шүкіршілік пен тәубаға, адалдық пен сертке, беріктікке шақырады.

Ислам діні  барлық істе салиқалылық пен сабырлылыққа үндейді. Адамзаттың ізгі құндылықтарын уағыздайтын ата дініміз шектен шығуға, өзгеге қиянат жасауға жол бермейді. Ұлысты ұйыстыратын осы ұлағатты дінді халқымыз өз ұлттық дәстүрімен үйлестіріп, ғасырлар бойы бекем ұстанып келеді.

Жалпы, еліміз егемендік алғаннан бері ата дініміз ел арасында еркін тарауға мүмкіндік алды. Жұрт жиналып мешіттер тұрғызды, жастарды имандылыққа баулыды.

Атап айтқанда, бүгінгі күні қаламызда 5 мешіт жұмыс істеп тұр. Бұл халықтың діни сауатының артып, рухани қуаттануға құштарлығының көрсеткіші. Бұл әрине көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені, иманды ел – берекелі ел.

Ислам діні қанат жайған Тәуелсіз еліміз ынтымақ-бірлігі, достығымен әлем жұртшылығының назарын өзіне аударып, үлгі болып отырғаны біз үшін аса зор абырой, әрі мақтаныш.

Елімізде Ислам дінімен қатар басқа да  діни конфессиялардың жұмыс атқаруы – біздің мемлекетімізде адам құқықтары мен бостандығына, діни наным-сенім еркіндігіне кепілдік беретін демократиялық қағидаттардың берік ірге бекіткенінің дәлелі.